CaspianLife, 15 — қыркүйек — Атырауда жедел-профилактикалық іс-шара кезінде қолдан жасалған қару тәркіленді деп хабарлайды облыстық ПД-нің баспасөз қызметі.
14 қыркүйектен басталған «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы заңсыз сақтаудағы қаруды, оқ-дәрілерді тәркілеуге, оларды сатып алу көздері мен заңсыз жеткізу арналарын анықтау, қару иелерінің қаруды сақтауы, тіркеу және қайта тіркелуін тексеру үшін өткізіледі.
Аталған іс-шараның алғашқы күнінде қолдан жасалған 1 дана атыс қаруы тәркіленді. Сондай ақ, Ішкі істер органдарының есебінде тұрған 4540 азаматтық атыс қарулар иелерінің тұрғылықты мекен-жайлары бойынша тексеріс ұйымдастырылып, азаматтық атыс қару сақтау тәртібін бұзғаны үшін — 16 және азаматтық атыс қаруды тіркеу немесе қайта тіркеуден өткізбегені үшін — 3 қару иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.