CaspianLife, 15 қыркүйек — Атырау облысы Индер ауданындағы кәсіпорнында жоғары сапалы ас тұзы өндіріле бастады деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
«INDERTUZCOMPANY» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 10 жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Ас тұзы стандартты әдіспен өңделеді. Сапасы өте жоғары, кристалдылығы 99,5 пайызды құрайды. Йодталған ас тұзы Қазақстанның түпкір-түпкіріне жеткізіледі. Табиғи минералдың адам денсаулығы үшін, нақтырақ айтсақ, жүрек, қан айналымы үшін маңызы зор.
Зауыттың техникалық директоры Димат Туғанбайдың айтуынша, айына 2000 тонна ас тұзын өндіру жоспарланған. Қазіргі таңда өнімнің құжаттары дайындалуда.
Кәсіпорын сағатына 20 тонна тұз өңдеуге қауқарлы. Қазірдің өзінде Ресей елінен тапсырыстар түсіп жатыр. Жарты жылдықта жоспар бойынша тағы 60 адамды жұмыспен қамту жоспарда бар.
Айта кетейік, «INDERTUZCOMPANY» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2017 жылдан бері техникалық тұзды тұрақты өндіріп келеді.