CaspianLife, 14 қыркүйек — Атырауда бос жұмыс орындарының кезекті жәрмеңкесі өтті. Мұнда 34 ірі мекеме 900 ден астам жұмыс орнын ұсынып отыр. Олардың басым көпшілігі мұнай компаниялары.
Алайда, халықтың бәрі бірдей бұл салада жұмыс жасамайтыны белгілі. Сондықтан, кей тұрғындар іздеген мамандықтарын таба алмай кетті. Мұнай компанияларынан бөлек рекрутингпен айналысатын мекемелер де болды. Ұсынылған мамандықтардың дені инженерлік-техникалық бағытта.
Жұмыспен қамту орталығының өкілдері мұнда келгеннің барлығын бірдей жұмысқа орналастыру мүмкін емес дейді. Дегенмен, еңбек биржасы мен орталыққа келгендерге мамандар бос вакансияны ұсынатын болады. Сондай-ақ, биылдан бастап бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі онлайн форматта да өткізілмек.
Аймақтың экономикалық белсенді халқын көбейту мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға жұмыссыз жастардан бөлек, Теңізшевройл ЖШС-нің «Келешек кеңею» жобасынан босатылған азаматтар да келді.
«Есептік кезеңде 10 800-дей жұмыссыз есепте тұр. Айта кетейік, олардың барлығы жұмыссыз емес. Жұмыспен қамту орталығына хабарласқан кезде әлеуметтік, денсаулық сақтау саласына керекті мамандар, жыл сайын мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы, сол сияқты жұмыстары ұсынғанымызбен олар есепте тұра береді. Жылдың аяғында 6000-дай уақытша жұмыс орны бар адамдар есептен шығарылады», — деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов.
Биыл 26 -шы рет өкізілген жәрмеңкеге 3000-нан астам атыраулық қатысып, оның 600-ге жуығы тұрақты жұмыс тапқан. Бұл көрсеткіш бүгінгі жәрмеңкеден кейін өзгеруі мүмкін.