CaspianLife, 19 тамыз — Қазақстандық әуекомпанияларға жаңа ұшақтар әкелінеді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостермен кездесу барысында мәлімдеді.
Министр әуе рейстердің кешігуі мен ауыстырылуына байланысты жолаушы құқықтары бұзылмауын қадағалауды тапсырды. Әуе рейстерінің кешігуін реттеу мақсатында еліміздегі әуекомпанияларға қосымша жаңа ұшақтар әкелінетінін айтты.
«Менің тапсырмам бойынша жыл соңына дейін 5 жаңа ұшақ сатып алынады деп күтілуде. Атап айтқанда, Fly Arystan әуе компаниясының әуе кемелері паркі 2 ұшақпен, Air Astana — 3 самолетпен толықтырылады. Жалпы 2025 жылға дейін 24 жаңа ұшақ, оның ішінде 3 Boeing 787 Dreamliner ұшағы келеді деп күтілуде», – деп жазды Өскенбаев.