CaspianLife, 12 тамыз – Атырауда аз қамтылған 994 отбасыға 258 млн теңге көлемінде атаулы көмек тағайындалды. Бұл туралы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов мәлімдеді.
Аз қамтылған отбасылардың 775-не шартты ақшалай көмек берілсе, 247-сіне шартсыз берілді. Яғни, шартты ақшалай көмек құрамында кемінде бір еңбекке қабілетті мүшесі бар отбасыларға арналған, әлеуметтік келісімшарт жасалған және адал орындаған жағдайда көрсетіледі. Ал, шартсыз ақшалай көмек еңбекке жарамсыз азаматтары бар отбасыларға немесе отбасының еңбекке жарамды жалғыз мүшесі объективті себептермен жұмысқа орналасуға мүмкіндігі жоқ жағдайда беріледі.
«Атаулы әлеуметтік көмектің шартты ақшалай көмек түрін алушылардың ішінде еңбекке қабілетті адамдар саны 1326 адам. Оның ішінде 38-і тәуелсіз қызметкерлер, 720-ы жүгіну кезінде жұмысы барлар, 180-і жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелгендер, 388-і бала күтіміндегілер», — деді А.Мәмбетов.
Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санаттарына жасалған талдау бойынша 18 жасқа дейінгі балалар – 66,4%, жұмыссыздар — 3,2%, көмекке жүгіну кезінде жұмысы барлар –12,9%, тәуелсіз қызметкерлер – 0,7%, зейнеткерлер – 0,7%, барлық топтағы мүгедектер – 0,9%, студенттер – 3,6%, бала күтімімен отырғандар – 10,7%, басқалары – 0,9% құрады.
Одан бөлек, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 1310 балаға 56 млн 600 мың теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік топтамалар берілген.