CaspianLife, 8 тамыз – Атырауда 6 әуесқой балықшыға айыппұл салынды. Бұл туралы Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспеккциясы бөлімінің бас маманы Темірхан Оңайбаев мәлімдеді.
Рейдтік іс-шара Каспий теңізі сағасының бойы және Пешной елді мекендерінде жүргізіліп, 5 қызметкер мен жылдам жүретін катер тартылды. Нәтижесінде 6 әуесқой балықшы ұсталып, әкімшілік хаттама толтырылды.
«Іс-шара барысында Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 380-бабының 1-бөліміне сәйкес хаттама жасақталды. Қала тұрғындарына ескертіп айтарымыз, ерекше қорғауға алынған табиғи аймақтарда балық аулауға қатаң тыйым салынған», — деді Т.Оңайбаев.
Оның айтуынша, тыйым салынған аймақта балық аулағандарға салынатын айыппұл мөлшері 30 630 теңгені құрайды.
Айта кетейік, бұдан бұрын облыста алты ай ішінде 144 браконьерлік іс сотқа жолданған болатын.