CaspianLife, 30 маусым — Атырау-Астрахань трассасын қалпына келтіру жұмыстары тағы да созылуы мүмкін. Бұған құрылсы материалдарын таситын вагондардың аздығы себеп дейді мердігер компаниялар. Жергілікті депутаттар құрлыс басына барып, жұмыс барысымен танысып қайтты.
Тас жолды жыл соңына дейін қолданысқа беру үшін 22 мың вагон материал қажет. Алайда құрылысшылар екі айдың ішінде тек 3 мың вагон қиыршық тас пен құмды қиыршықты қоспа алған. Соған қарамастан, «ҚазАвтоЖол» айдың соңына дейін жолдың тағы 10 шақырымын пайдалануға береміз деп отыр.
«Ашылған 60 шақырым жолды халық қолдануда. Тағы 10 шақырым жолды осы айдың аяғына дейін ашып береміз. Шілде айының 15-іне дейін қосымша 25 шақырымды ашатын боламыз», — дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ АОФ директоры Болатбек Айтбаев.
Жол қазір 4 учаскеге бөлініп қалпына келтірілуде. Барлық бөлігінде қолда бар техникамен қиыршық тас пен битум төселіп жатыр. Ел арасында «Құрғақ» аталып кеткен өзектің үстінен көпір салу жұмыстары шілде айының соңына дейін жасалады. Ұзындығы 310 м болатын нысан пайдалануға қазан айының соңында берілмек.
Айта кетейік, Атырау-Астрахань трассасы 1975 ж салынған. Тозығы жеткен жолды қалпына келтіру жұмыстары 2019 ж басталды. Логистика мәселесі шешілсе, жылдың соңына дейін қалған 217 шақырым жолды ай сайын бөлік-бөлігімен пайдалануға беріп, көлік қозғалысын ашу жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары толығымен 2023 жылдың соңында аяқталады. Жаңа жолдың қалыңдығы 65 см, пайдалану мерзімі – 10-15 жыл болмақ.