CaspianLife, 22 маусым — Депутат Сәлімжан Нақпаев ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдан «Атырау-Астрахань» тасжолының мәселесіне араласуын сұрады.
«Еліміздің батысындағы ұзындығы 277 шақырым болатын «Атырау-Астрахань» жолының маңыздылығы көптен айтылып келе жатыр. Бұл жолмен Атырау қаласына 100 мыңнан аса халқы бар Исатай, Құрманғазы аудандарының тұрғындары қатынайды және көрші Ресей елінің Астрахань облысымен сауда-саттық, туризм, тұрмыстық қарым-қатынастар жасалады. Жоспар бойынша 2019 жылдан басталып, 2022 жылы толық аяқталуы тиісті бұл жол, жоба жасаушылардың білімсіздігінен, оны қадағалайтын тиісті министрліктің салғырттығынан, 2023 жылға кешіктірілді. Бұл алдымен жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды. Өйткені, адам шығынына әкелген апаттар орын алуда», — деді мәжілісмен.
Оның айтуынша, аталған жолдың бойында төрт бірдей мердігер мен бірнеше субмердігер жұмыс істеп жатқанымен, нәтижесі көңіл көншітпейді. Бұл халықтың үкіметке деген сеніміне селкеу түсіреді дейді депутат.
«Трасса бойында 50-60 шақырым болатын, әлі де жолшының қолы тимеген жерлер жатыр. Жолға керекті қаражат халықаралық қаржы институттары арқылы толық шешілген. Ең бастысы министрлік жұмысты ұйымдастыра алмай отыр», — деп сынаған Мәжіліс өкілі Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдан осы мәселеге тікелей араласуын сұрады.
Нақпаев сөз соңында аталмыш трассаның маңызын ескере отырып, тезірек іске қосуын талап етті.