Caspianlife, 17 маусым — Қаладағы дүңгіршіктердің бірінен донер сатып алып жеп уланғандардың саны 11-ге жетті. Аталған жағдай бойынша Атырау қалалық полиция басқармасы тергеу жұмыстарын бастаған. Тексеріс барысында дүңгіршек иесінің құжаттары дұрыс емес, ал жұмысшылардың жеке санитарлық кітапшалары жоқ болып шыққан.
Эпидемиологтар тамақтардан сынама, қызметкерлерден анализ алып, зертханалық тексеру жүргізуде. Олардың арасында бактерия тасымалдаушылар анықталған жағдайда тиісті шара қолданылатын болады.
«Қылмыстық іс болса – қылмыстық іс ретінде қозғалады. Қылмыстық іс болмаған жағдайда біздің басқармаға жіберіледі», — дейді жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Камзин.
Дүңгіршектің жұмысы тексеріс аяқталғанға дейін уақытша тоқтатылды. Зертханалық зерттеудің нәтижесі алдағы 10 күнде белгілі болады. Санитарлық талаптардың орындалмауы кесірінен зардап шеккендердің саны алдағы уақытта көбеюі мүмкін.
Айта кетелік, уланғандардың бәрі де құс етінен жасалған донерді жегеннен кейін өздерін нашар сезінген. Тоғыз адам №2 облыстық ауруханаға жатқызылған. Зардап шеккендердің ең үлкені 30 жаста болса, ең кішкентайы екіге толмаған. Дәрігерлер олардың жедел ішек инфекциясын жұқтырғанын анықтапты. Қазір бәрінің де жағдайы орташа.