CaspianLife, 14 маусым — Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев егіс алқаптарындағы шабындық көбелектің зиянды құрттарын жою жұмыстарымен танысты.
Бүгінгі таңда 20 мың гектар егіс алқабына мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде 7500 гектар алқапты химиялық өңдеу қажеттілігі белгілі болып, оның 4500 гектары өңделді. Оның 800-і өз шаруашылық күшімен, қалғаны бюджеттік және демеушілік қаражат есебінен жасалды.
“Егінге зиян келтірудің алғашқы фактілері анықталған бойда Батыс Қазақстан облысынан зиянкестермен күресетін мамандарды шақырдық. Индер, Махамбет, Қызылқоға аудандарының ауыл шаруашылығы алқаптарында жұмыс күні бүгінге дейін жалғасуда. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бүгінгі таңда егінді құрттардың құрту қаупі жойылды. Біздің тарапымыздан шаруа қожалықтарын химиялық заттармен қамтамасыз етумен қатар түсіндіру жұмыстары жалғасуда”, – дейді Қ.Нұрлыбаев.
Кейбір шаруа қожалықтары алдын ала дезинфекция жүргізіп, үлкен шығынның алдын алған. Облыста 300-ге жуық шаруа қожалығы бар. Оның 100-ге жуығы шалғындық көбелектің құрттарынан зардап шекті.