CaspianLife, 10 маусым — Маңғыстау облысының алданған тұрғындары Нұр-Сұлтан қаласының сол жағалаудың қақ ортасында әділдік талап етуде. Олардың әрқайсысының атына қымбат автокөліктер несиеге рәсімделген. Бірақ несиегерлердің банкке қарызы болса да, көліктері жоқ.
Көлік бойынша алаяқтар туыстық немесе достық қарым-қатынасты қолдана отырып, сенімге кірген. Содан кейін адамдарға 16-20 миллион арасында несие рәсімдеп, автокөліктерді қайта сатып, қарызды жабуға уәде берген. Ал бұл келісім үшін 70-тен 200 мың теңгеге дейін сыйақы төлеген. Әрине, несиені ешкім өтемеді.
Тек Маңғыстау облысында мұндай алаяқтықтан 189 адам зардап шекті. Барлығы 16 көлік табылды, олар қазір тұрақта.
Полицейлер үш адамды ұстады. Тағы біреуі іздеуде. Маңғыстаулықтардан басқа, алаяқтардан Алматы қаласының тұрғындары да зардап шеккен. Алданғандар көптігіне қарамастан, тергеу өте баяу жүріп жатыр, дейді зардап шеккендер.