CaspianLife, 31 мамыр — Атырау облысында ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылмаған 21 мың гектардан астам жер кері қайтарылды. Облыс әкімінің баспасөз қызметі жыл басынан бері көлемі 21552,25 гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы 23 жер учаскесі мемлекетке кері қайтырылғанын мәлімдеді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біздің жоспарымыздағы басты басымдық – ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылмай жатқан жер телімдерін кері қайтару. Осыған орай өңірлердегі жағдайды саралап, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жұмыстарын саралауды көздедік», -дейді аталған комитеттің басқарма басшысы Айдос Абдрахманов.
Облыстық жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Гүлзия Құрманованың айтуынша, жыл басынан бері 21552,25 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы 23 жер учаскесі мемлекетке қайтырылған.
«Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімін мақсатты пайдалануға қатысты қалалық, аудандық жер қатынастары бөлімдері түгендеу жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатында игерілмеген 75 жер учаскесі туралы ақпарат жер ресурстарын басқару комитетіне жолданды», -дейді Гүлзия Құрманова .