CaspianLife, 18 мамыр — 2023 жылы медицина қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға артады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.
«2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы өскен болатын. 2022 жылы дәрігерлердің жалақысы орташа есеппен 30%-ға, ол 400 мыңнан астам, орта медицина персоналының жалақысы 20%-ға, ол 200 мың теңгеден астамға артты», — деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар, келер жылы да медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге қаражат қарастырылып қойғанын айтты.
«2023 жылы дәрігерлер жалақысын орташа есеппен 30 %-ға, орта медицина персоналының жалақысын 20%-ға арттыру жоспарланды, қазіргі уақытта қаражат қарастырылды», — деді Ажар Ғиният.