Caspianlife, 13 мамыр — Бұл туралы ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Баспасөз қызметінің деректеріне қарағанда, ҚР Қаржы мониторингі агенттігі коммуналдық қызметтерге тарифтерді қалыптастыруға әсер ететін негізсіз шығындарды анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Осыған қарай 16 кәсіпорын мен 2 лауазымды тұлғаға қатысты жүргізілген кешенді жұмыстардың нәтижесінде жылумен, электрмен, сумен және газбен қамту саласы бойынша 21 сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды.
«Бүгінгі таңда аталған істердің барлығы бойынша келтірілген 5,5 млрд теңгеге залал өтелді және 1,9 млрд теңгенің мүлкіне тоқтам салынды», –делінген хабарламада.
Мәселен, Атырау облысында Құлсары қаласы мен Жаңа Қаратон кентіндегі жылу желілерін, су құбырларын және кәріз құбырларын жөндеу кезінде қаржы жымқыру, сондай-ақ артық төлем жасау фактілері бойынша істер тергеліп жатыр.
ҚМА аумақтық департаментінің жұмысының қорытындысы бойынша Атырау мен Құлсары қаласындағы екі монополсит тарифті төмендету мәселесі қайта қаралды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде аталған ұйымның тарифінен негізсіз қаржы жинау жұмыстарына тыйым салынды. Бұл әрбір абонентке ай сайын 2,5 мың теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік берді.
Осындай заң бұзушылықтар Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында да анықталды. Барлық жағдайларда төмендетілген тарифтер енгізілді немесе қайта есептелді.