CaspianLife, 15 сәуір — «Бекіре» балық қорғау акциясының алғашқы екі аптасы қорытындыланды. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының ақпаратына сүйенсек, рейд кезінде 307 заңбұзушылық тіркелген. 214 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 23-не қатысты қылмыстық іс қозғалған. Оларға салынған айыппұл көлемі 4,3 млн теңге.
«Бекіре» акциясына табиғатты қорғау прокуратурасы, ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің, су полициясы және Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары қатысуда. Осы орайда әуесқой балықшыларды браконьерлікпен айналыспай, балық аулау ережесін сақтауға шақырамын, — дейді Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының бас маманы Рүстем Қорқытов.
Акция басталғалы бері Жайық Өзені мен Каспий теңізі акваториясынан 10 мың тоннадан астам заңсыз ауланған балық пен 422 ау-тор тәркіленген. Олардың көбісі Қытайда жасалған, суда шірімейтін осындай моножіптен тоқылған. Дегенмен инспекторлар биыл заңсыз балық аулау фактісі өткен жылмен салыстырғанда едәуір азайды дейді.
Сондай-ақ облыста наурыз айынан бері «Таза жағалау» акциясы өтуде. Іс-шараға балық инспекциясы бөлімінің және табиғатты пайдаланушы мекемелердің мамандары мен тұрғындар қатысып, Жайық жағалауын заңсыз торлар мен күл-қоқыстан тазартты.
Жайық өзені бойынан иесіз ау құралдары. заңсыз балықшылардың ау құралдарын тәркілеу жөнінде жұмыстар жүріп жатыр. Наурыз айының 18-нен қазіргі сәуірдің 10-на дейін 4-5 тонна қоқыс жиналды, — деп мәлімдеді Дамбы балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Амангелді Ақтанов.
Көктемгі балық аулау маусымы аясында өндірістік кооперативтер бекіре тұқымдас балықтарды өсіру зауыттарына 60-тан астам су маржанын аулап берді. Оның алтауы бекіре, 48-і шоқыр, қалған бесеуі сүйрік. Балық қорғау акциясы 31 мамырға дейін өткізіледі.