CaspianLife, 15 сәуір — Маңғыстау облысындағы тұмса табиғатымен танымал Бозжыра шатқалында салынып жатқан қонақ үйдің құрылысы тоқтатылды. Халық арасында резонанс тудырған күмәнді құрылыс мәселесін билік басындағылар тағы бір мәрте зерделеп шықпақшы. Инвестор бұған дейін Жабайұшқан қаумалы аумағында қонақ үй мен этноауыл салынады деп жоспарлаған еді. Алайда енді ол эскизден бас тартыпты.
«Тапсырмаға байланысты өзгерістер осы Бозжыра шатқала Жабайұшқан қаумалының ішіне, соның аумағына кіретін болғандықтан, ол қаумалдан тысқары, 4 км тысқары жерде салу жөнінде инвесторлармен ұысыныс берілді», — дейді Маңғыстау облыстық инвестиция және туризмді дамыту басқармасының бөлім басшысы міндетін атқарушы Гүлсім Жариева
Бозжыра шатқалы Қазақстандағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қатарына кіреді. Бұған дейін мемлекет басшысы да құрылыс учаскесін қайта қарау жөнінде үкіметке тапсырма берген болатын. Шенеуніктердің айтуынша, бастапқы эскизге сәйкес жобаға 40 млрд тг астам ақша бөлу жоспарланыпты. Туризм басқармасындағылар жаңа эскиз бойынша қонақ үйдің орнына басқа нысанның болуы да мүмкін дейді.