CaspianLife, 6 сәуір — Маңғыстау облысында бір күнде үш әкім тағайындалды. Бұл туралы Маңғыстау облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаровтың басқа қызметке ауысуына байланысты орнына Айбек Қосуақов тағайындалды. Ол Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік университетін «Мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау» мен Қонаев атындағы көлік және құқық университетін «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1997 жылы «Қаражанбасмұнай кәсіпорнында оператор болып бастап, 2001-2004 жылдар аралығында жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. 2004-2006 жылдары «Жазық» АҚ атқарушы директоры болып және 2007-2020 жылдар аралығында «Таушық ауыл шаруашылығы» серіктестігінің басқарма төрағасы болып жұмыс істеді. 2020 жылдың қаңтарынан бастап қазіргі уақытқа дейін Түпқараған ауданының әкімі болды.
Ал, Түпқараған ауданының әкімі болып Рахат Елтізаров тағайындалды. Рахат Елітзаров Ақтөбедегі «Дүние» университетін «заңгер» және «мұнай және газ кен орындарын игеру, инженер» мамандығы бойынша бітірген. 2005-2007 жылдары Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының маманы және бас маманы қызметтерін атқарған. 2007-2010 жылдары Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасы директорының орынбасары және 2015 жылға дейін Ақтау қаласының әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді. 2015-2016 жылдары «Маңғыстау облыстық су құбыры жүйесі» кәсіпорнының директоры қызметінде болған. Ал, 2016-2018 жылдары Маңғыстау облысы бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы болып қызмет атқарды. 2018 жылдың қараша айынан осы уақытқа дейін Мұнайлы ауданының әкімі қызметін атқарған болатын. Оның орнына бұл қызметке Ержан Күмісқалиев тағайындалды.
Ержан Күмісқалиев М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын Жаңаөзен қаласындағы №3 орта мектептің тарих және құқық пәнінің мұғалімі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып бастаған. 2008-2016 жылдар аралығында Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасының бас маманы, бөлім басшысы, ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. 2016-2019 жылдар аралығында Қарақия ауданы әкімінің орынбасары болды. 2019-2021 жылдар аралығында Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарған. 2021 жылдың 11 ақпанынан қазіргі уақытқа дейін Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болды.