CaspianLife, 14 наурыз — Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов 17 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді.
«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысына, оның үш орынбасарына және тағы екі лауазымды тұлғаға қатысты билікті басып алу, қызметін асыра пайдалану, сондай-ақ аса ірі көлемде пара алу бойынша қылмыстық іс қозғалды. ҰҚК-ның бұрынғы басшысы мен оның үш орынбасары қамауға алынды. Біз сот органдары баға береді деп ойлаймыз. Аталған қылмыстар бойынша Қылмыстық кодексте 17 жылға бас бостандығынан айыру қарастырылған. Қазір тергеу жүріп жатыр», — деді Берік Асылов Мәжілістің жалпы отырысында.
Естеріңізге сала кетейік, Кәрім Мәсімовке қатысты ҰҚК Қылмыстық кодекстің 175-бабы, 1-бөлігі бойынша мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған болатын. Сол күні осы қылмысты жасады деген күдікпен ҚР ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен басқа да адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жақында ҰҚК Кәрім Мәсімовке тиесілі дүние-мүліктің бір бөлігін жариялаған еді.