CaspianLife, 10 наурыз — Маңғыстауда 1 апта ішінде төрт өрт оқиғасы тіркелген.
Облыстық ТЖД өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің мәліметіне сәйкес, қайғылы жағдайлардың бірі 2 наурыз күні Форт-Шевченко қаласында орын алған. Зауыт көшесінде орналасқан Аташ тұрғын үй массивіндегі баспаналардың бірінде өрт шыққан. Аумағы 5 шаршы метр болатын дәліз отқа оранған. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер жалынды өшіріп, бөлмелердің бірінен 1973 ж азаматтың мүрдесін тапқан.
1 наурыз күні жаңаөзендегі Көктем ықшам ауданында орналасқан «Aday doner house» киоскісінің шатыры өртенді. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр.
Сол күні Құрық портының тас жолында 2014 ж шығарылған Hyundai Elantra автокөлігінде өрт шықты. Қуанышқа орай, мұнда да ешкім зардап шекпеді.
3 наурызда Шерқала тұрғын үй массиві орналасқан ауладағы уақытша үй-жайда өрт шықты. Жалын 50 шаршы метрді қамтыған. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ.