CaspianLife, 9 наурыз — Атырау облысының Құрманғазы ауданында екі ауыл әлі жарықсыз отыр.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, Құрманғазы ауданында 5 наурызда екпіні секундына 22-23 метрге жеткен қатты жел соққан. Сол күні электр энергиясының желісінде ақау шығып, сағат 3:10-нан бастап 38 мыңнан астам абонент жарықсыз қалған.
Ал, 6 наурызда 10 ауылдың тұрғындары жарықсыз отырды. Кеше, 7 наурызда 8 ауылға жарық қосылған жоқ. Құрманғазы ауданында ток көзінен 10 890 абонент ажыратылған. Оның ішінде 7 650 абонент электр қуатына қосылды.
«Қазақтелеком» АҚ-ның 27 станциясының 19-ында байланыс орнатылды. Ауданда қатты желден сөнген электр энергиясын қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Оны атқаруға «Атырау-Жарық» АҚ-ның 8 бригадасы, 56 жұмысшысы мен 20 техникасы, сондай-ақ, «Қазақстан Теміржолы» АҚ-ның электрмен қамту бөлімінен 1 бригада (15 адам, 6 техника) жұмылдырылған. Қазір Бірлік пен Көптогай ауылдарында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жергілікті ауылдық округтердің әкімдері тұрғындарды жөндеу жұмыстарынан тұрақты хабардар етіп, ахуалды бақылауда ұстап отыр», -деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.