CaspianLife, 4 наурыз — Атырау облысында 1 мамырдан бастап баспанасы жоқ мұқтаж жандарға жалға берілетін тұрғын үй ақшасын 50 пайыз субсидиялауды жоспарлап отыр. Бағдарламаның өңірде орындалу барысын «Отбасы банк» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Нұрбол Құрман мәлімдеді. Банк директорының айтуынша, бағдарламаны Атырау облысында жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен 1 млрд 764 млн теңге, жергілікті бюджеттен 441,1 миллион теңге бөлу жоспарланып отыр.
Атырау облысы бойынша пәтер жалдау құны 1 ш.м. — 2172 теңгені құрайды. Мемлекет тарапынан жалдау ақысына шектеу белгіледі, отбасында 3 адам болса – 86 894 тенге, 5 адам болса – 130 340 тенге, 6 және одан көп болса 173 787 тенге көлемінде пәтерді жалдай алады. Мемлекет осы қаржының 50 пайызын субсидиялайды. Жеке тұрғын үйлерді жалдаушылар:
- ҚР азаматы
- мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар;
- кәмелетке толғанға дейін ата анасынан айырылған 29 жасқа толмаған жетім балалар, ата анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- «Алтын алқа», «Күміс алқалы» аналар немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, 1-ші, 2-ші дәрежелі «ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналар, көп балалаы отбасылар;
- санат бойынша кезекте туру керек, яғни, 1 және 2 топ мүгедектері болса субсидиялау мүмкіндігін ала алады.
Сондай-ақ, отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй болмауы тиіс.
«Жалдайтын тұрғын үйін отбасы өздері таңдайды. Егер белгілі уақыттан кейін үйлері ұнамаса, қайтадан басқа жалдаушымен келісімшарт жасай алады. Сонымен қатар отбасылардың шынымен сол үйді жалдап тұрып жатқандығын жергілікті әкімдік тоқсан сайын бақылап отырады», деді Нұрбол Құрман.
Сондай-ақ, бағдарлама аясында азамат туысының үйінде тегін тұрып, мемлекет қаржысын жоспарсыз жұмсамау үшін қатаң тексеріледі. Келісімшарт жасайтын екі тарап арасында ешқандай туыстық қатынас болмауы керек. Қаржыны бақылау үшін арнайы есепшот ашылады. Сол шотқа әр ай сайын бірінші пәтер жалдаушы 50 пайыз ақшасын аударған кезде ғана мемлекет қалған 50 пайызын аударатынын жеткізді.
Атырау облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Данияр Мукишев, отбасылардың жалақысының орташа көрсеткіші ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс екенін атап өтті.