CaspianLife, 24 ақпан — Ақтау қаласының тұрғындары 7А ықшам ауданында орналасқан кафе аумағының теңізге қарай кеңейіп бара жатқанына қарсы шықты.
Қазір олар 5 м кеңейтті, ертең 10 м кеңейтеді. 100 метрден кем су қорғау жолағында құрылыс жұмыстарын жүргізуге кім рұқсат еткен? Қандай Заң негізінде? Біздер бірнеше рет осы мәселені көтердік, құрылысты тоқтатуды сұрадық. Бірақ, Экологиялық кодекске қарамастан, кафелер де, басқа ғимараттар да жайық жағасына салынып жатыр, — дейді Галина есімді қала тұрғыны.
Ал, әкімдік мамандары болса құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жер телімі де жеке меншік ретінде тіркелген дейді.
Кафе ғимаратынан бастап теңізге дейінгі 5 м жер де жеке меншік ретінде тіркелген. Бірақ бұл жерде құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін қалалық әкімдікте ешқандай рұқсат құжаттары рәсімделмеген. Осыған байланысты жер телімінің иесіне құрылыс жұмыстарын тоқтату туралы хат жолданатын болады. Бүгінгі таңда оған тек ауызша ескерту жасалды, — деп жауап берді шенеуніктер.