CaspianLife, 8 ақпан — Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында жұмыссыз азаматтарды еңбекке орналастыру мәселесі бойынша облыстық комиссия жұмысын бастады.
Бүгін, 8 ақпанда облыс әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаевтың төрағалығымен Жаңаөзен қаласында мұнай-газ саласындағы ұйымдарға жұмысқа қабылдау алгоритмінің толық ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия құрамына мемлекеттік органдардан басқа Жаңаөзен қаласындағы жұмыссыздар қатарынан бастамашыл топ өкілдері де кірді. Комиссияның негізгі мақсаты — бастамашыл топтың белсенділерімен бірлесіп, мәселені шешу жолдарын қарастыру және екі жаққа да қолайлы шешімге келу.
Еске салайық, бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысындағы ахуалға тоқталды.
«Облыстағы ахуал расында оңай емес. Менің тапсырмам бойынша осы өңірді дамытуға қатысты кешенді жоспар қабылданды. Бұл құжат биыл тағы да пысықталды. Соған сәйкес қомақты қаржы бөлу көзделген. Қаражат бірінші кезектегі міндеттерді шешуге жұмсалуы тиіс. Сондықтан істі созбалаңға салмай дереу жұмысқа кірісу керек», — деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, қабылданған шараларға қарамастан еңбек ұжымдарының наразылығы күшейіп келеді.
«Оны ашық айту керек. Жұмысшылардың барлық талабын мұқият қарау керек. Олардың заңды құқықтары мен мүдделері сақталуға тиіс. Кәсіподақ жетекшілерімен және жұмысшылары шеруге шығып жатқан компания иелерімен сындарлы диалог орнату қажет. Қабылданған шешімнің бәрін қарапайым жұмысшыларға дұрыстап түсіндіру керек. Проблемамен айналысуды әкімдікке ғана жүктеп қоюға болмайды. Оларды қолдап, туындаған мәселені бірлесе қараған жөн. Наразылық білдірген азаматтардың проблемаларын шешу үшін Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры тығыз жұмыс істеуі тиіс. Қажет болса үкіметтік арнайы комиссияны тағы да Маңғыстау облысына жіберу керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.