CaspianLife, 25 қаңтар — Маңғыстау облысында су тұщыту қуаты 260 мың текше метр болатын 9 жоба іске асады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында аталған өңірді дамытудың өзектендірілген кешенді жоспары туралы баяндаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев айтты.
«Демографияның өсу үрдісі қолжетімді баспанамен қамту және өңірдің инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл мақсатта тұрғын үй салу, жолдардың сапасын жақсарту, газбен, электрмен, жылумен жабдықтау объектілерін салу және реконструкциялау шаралары жүргізіледі. Сонымен қатар, өңір үшін ең маңызды мәселе – ауыз су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін кешенді жоспарда жалпы су тұщыту қуаты 260 мың текше метрді құрайтын 9 жобаны және 12 ауылдық елді мекенді ауыз сумен қамту жүзеге асырылатын болады», — деді Нұрлан Ноғаев.
Оның сөзінше, кешенді жоспарды өзектендіру аясында осы жылы ауыз сумен қамтамасыз етуде өнімділігі тәулігіне 24 мың текше метр «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» су тұщыту қондырғыларын салу жұмыстары басталған.
«Бұған қоса, 5 жаңа шағын ауданды инженерлік-инфрақұрылыммен қамтуға, қалалық жолдар сапасын арттыру аясында қосымша 8,5 шақырым жолды салуға мүмкіндік болады», — деді облыс әкімі.