CaspianLife, 23 желтоқсан — Жұбан Молдағалиев көшесі бойындағы нөмірі 26 шы жатақхананың тұрғындары жарыққа жарымай отыр.
Олар бір жанып, бір өшіп ойнап тұратын электр жарығы проблемасын бірнеше жылдан бері шеше алмай, шаршадық дейді. Бұрын тұрғын үй ПИК-ң қармағында болған, бірақ бес жыл бұрын оның құрамынан шығып, үйді басқару бойынша бастамашыл топ құрылыпты. Бірақ мәселе сол қалпы.
Біз өткен жылы электр торабы үшін 5 мың теңгеден жинап, жөндегенбіз. Бірақ ол тек 2-3 айға жетті. Мысалы 5 қабатқа көтерілсеңіз тоқтар салбырап тұрады. Бұл жатақханада зейнеткердер, көпбалалы отбасылар мен мүгедектер тұрады. Қайда көмек сұрап барсақ та, үй иесіз, әрі апатты жағдайда деп шығарып салады, — дейді жатақхана тұрғыны Елена Зюзина.
Күнде проблема, 5 жыл болды, қайта қайта ақша береміз. Ешкім жасамайды, өздеріміз жалдап тұрамыз ғой, әкеліп тұрамыз. Жалдаған сайын күнде микроволновка кетеді, тағы да басқа техника кетеді, қаншама рет телефонымыз жанып кетті. Бір проблема ғой күнде осыны ешкім шеше алмайды, — деп тұрғын Мақсат Нұраев көршісінің сөзін қолдады.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі өкілінің айтуынша, ресми органдардың қолынан ештеңе келмейді. Электр торабы тұрғын үйдің ішінде орналасқандықтан ол сол жердегі халықтың ортақ меншігі болып табылады. Сондықтан жауапкершілік те тұрғындардың өз мойнында. Мамандар тиімді шешім үйді заңды түрде басқаруға өткізу дейді.
Қалалық тұрғын үй -коммунальдық шаруашылығы бөлімі тұрғындарға ешқандай көмек бере алмайды. Олар тұрғын үй инспекциясына байланысып, үйді модернизациядан өткізуге өтініш беруге болады. Кейін несие секілді ай сайын төлем жасап отырады, — дейді Атырау қалалық ТҮКШ көлік энергетика және байланыс сектор меңгерушісі Нұрбек Монтаев.
Бірақ, жатақхана тұрғындары мұндай жауапкершілікті мойындарына алғысы жоқ. Сол себепті жарық мәселесінің қашан шешілері белгісіз боп қала бермек.