CaspianLife, 25 қараша – Ресей Федерациясына баратын қазақстандықтар бұдан былай нашақор еместігін және ВИЧ инфекциясын жұқтырмағандықтарын растаулары керек. 29-шы желтоқсаннан бастап күшіне енетін ереже Ресей аумағында 90 күннен астам болатындарға қатысты.
Бұл туралы Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің ресми сайтында хабарланды. Тексерісті ресейлік медициналық мекемерден өтіп, анықтамаларды елдің Ішкі Істер Министрлігіне тапсыру қажет. Елге жұмыс істеу мақсатында келген жағдайда, тиісті құжаттарды келген күннен бастап 30 күн ішінде тапсыру керек. Басқа мақсаттарда келгендер үшін құжат тапсыру уақыты – 90 күн.
Кәмелет жасқа толмағандар және әрекетке қабілетсіз жандардың құжаттарын ата-аналары немесе қамқоршыларына тапсыруға рұқсат етілген. Анықтамалардың жарамдылық мерзімі өткен соң қазақстандықтар медициналық тексеруден қайта өтіп, жаңа құжаттарды қағаз күйінде немесе электронды түрде тапсырады.
Сондай-ақ Қазақстан азаматтары үшін саусақ іздерін тапсырып фотоға түсу міндеттелді. Сондағы деректерге сәйкес Ресей Федерациясының ІІМ тиісті құжаттар береді. Аталған ережелерді орындамайтындардың Ресей территориясында болу мерзімі қысқартылуы мүмкін.