CaspianLife, 3 қараша – Атыраулық полицейлер «Учаске» іс-шарасы аясында 10 мыңға жуық құқық бұзушылықты анықтады.
Атырау қаласының учаскелік полиция инспекторлары «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында 60 мыңнан астам пәтер мен үйді аралап шықты, оның негізгі мақсаты қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскелерде құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтармен тығыз сенімді қарым-қатынас орнату болып табылады.
Мәселен, әкімшілік учаскені аралау барысында №10 учаскелік полиция пунктінің учаскелік инспекторлары бір айдан астам мерзімде тұрғылықты жері бойынша тiркеусіз тұрған 25 жастағы азаматты анықтады. Аталған факті бойынша оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 492-бабының 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылып, 20 418 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сондай-ақ, пәтерді жалға беру дерегінің заңдылығын тексеру мақсатында мәліметтер Атырау қаласының мемлекеттік кірістер басқармасына жолданды.
Жыл басынан бері дәл осындай құқықбұзушылықты жасаған 1500-ге жуық тұлғаға әкімшілік айыппұл салынса, «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы басталғалы барлығы 10 мыңға жуық азамат әр түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Учаске» алдын алу іс-шарасы 2021 жылдың 1 желтоқсанына дейін жалғасады.