CaspianLife, 29 қыркүйек — Маңғыстау облысының бірқатар лауазымды тұлғасы «Нұр Отан» партиясының жол картасын тиісінше жүзеге асырмағаны үшін сөгіс алды.
Кеше, 28 қыркүйекте Маңғыстау облысының әкімі, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен партияның облыстық филиалында Саяси кеңестің өңірлік бюросының отырысы өтті. Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасарына, сондай-ақ бірқатар аудан әкімдеріне сөгіс түрінде партиялық жаза жарияланды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Күн тәртібінде «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалуы туралы — «Өзгеру жолы: Маңғыстау облысының әрбір азаматына 2021-2025 жылдарға арналған лайықты өмір» іс-шаралар жоспары қаралды. Жоспарға әлеуметтік нысандар құрылысы, жол инфрақұрылымы, халықты жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті дамыту және т.б. 112 іс-шара енгізілген. Отырыста аудан әкімдері мен облыстық басқармалардың бірқатар басшылары тыңдалды.
Саяси кеңес Бюросының отырысында бекітілген Маңғыстау облысы бойынша Жол картасының сайлауалды міндеттемелерін орындау аясында «Nur Otan» партиясының облыстық, қалалық және аудандық сайлауалды бағдарламаларының жүйелі мониторингі ұйымдастырылды. Облыста, аудандар мен қалаларда арнайы штаб құрылды және жұмыс істейді. Жалпы, өңірлік және аумақтық сайлау алдындағы бағдарламаларға жүргізілген талдау нәтижесінде ағымдағы жылдың 8 айында 112 іс — шараның 41-і орындалып, тағы алты іс-шара орындалу сатысында, қалған алты іс-шара орындалмау қаупінде, ал төртеуі ауыстыруды талап етеді.
«Бұл іс-шараларға мемлекеттік органдардың басшылары бастамашылық етті. Халық бізден жол картасын сапалы жүзеге асыруды күтеді және біз өзімізге көрсетілген сенімді ақтауға міндеттіміз. Іс-шаралар жоспарының орындалмауы әкімдер мен басқарма басшылары арасында ішкі коммуникациялардың жоқтығын көрсетеді. Іске жүйелі көзқарас жоқ. Біз бәріміз бір бағытта жұмыс істеуіміз керек. Осылайша біз алдымызға қойылған міндеттерді орындауға қол жеткіземіз және өз мүмкіндіктерімізді тиімді пайдаланатын боламыз», — деді Н.Ноғаев.
Отырыс қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары және Қарақия мен Бейнеу аудандарының әкімдері «Нұр Отан» партиясының жол картасын бақылаудың жоқтығы және тиісінше іске асырмағаны үшін сөгіс түрінде партиялық жаза алды. Өңір басшысы жауапты тұлғаларға белгіленген мерзімде өздеріне алған барлық міндеттемені орындауды тапсырды.