CaspianLife, 7 қыркүйек — Таңертең тараған бейресми ақпарат шындыққа айналды. Серікбай Трұмовтың орнына экс-энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысына әкім болып тағайындалды.
Бүгін ҚР премьер-министрі Асқар Мамин облыс активіне аймақтың жаңа басшысын таныстырды. 1967 жылы туған Нұрлан Ноғаев И.Губкин атындағы Мәскеу мемлекеттік мұнай және газ академиясын тәмамдаған. Одан бөлек бірнеше жоғары оқу орнын аяқтаған. Тау-кен инженері еңбек жолын Ақтөбе облысы Қандыағаш станциясында электр шебері болып бастады. Кейіннен мұнай-газ саласындағы компанияларда еңбек етіп, 2006 жылдың тамыз айынан бастап ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігі мұнай өнеркәсібі департаментінің директоры болып жұмыс істейді. Ал, 2007-2012 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып, 2012-ден 2016-ға дейін сол облыстың әкімі болды. Сондай-ақ, Нұрлан Ноғаев 3 жылдан астам уақыт Атырау облысының басшылық қызметін атқарды.