CaspianLife, 06 тамыз — Республикалық маңызы бар Атырау – Астрахань тас жолының Құрманғазы шекаралық кеден бекетінен аудан орталығына дейінгі 60 шақырымын жөндеу жұмыстары аяқталып қалды. Бұл бөлікті биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бүгінде қалған 217 шақырымды қайта жаңғырту жұмыстары басталды.
Бүгінде 4 учаскеге бөлінген жол бойына топырақ төгу, көпір өткелдерін алмастыру секілді жұмыстар жасалуда. Мұнда 4 мердігер компания мен мыңнан астам жергілікті тұрғын қызмет етеді. Жоспар бойынша, барлық елді мекендердің тұсына мал өтетін өткелдер мен автобус аялдамалары, демалыс алаңдарымен қоса көпірлер салынбақ.
Жаңа жол барлық стандартқа сай болады дейді компания өкілдері. Тапсырылған соң 15 жыл бойы қайта жаңғыртуды қажет етпейтін көрінеді. Алғашқы 3 жылда жолдың күтімі мердігер компанияның мойнында болмақ. Мерзім біткеннен кейін жауапкершілік «Қазавтодор» мекемесіне өтеді.
Мамандар халықаралық маңызы бар Атырау-Астрахань тас жолының құрылысы түгелдей 2022 жылдың соңында аяқталады деп отыр.