CaspianLife, 23 шілде — Бүгіннен бастап Қазақстанда басқа елдерден цемент импортына тыйым алынып тасталды. Бұл өз кезегінде ел аумағында өнім бағасының төмендеуіне әсер етеді. Мұндай ақпаратты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.
Енді цемент өнімдері деп аталатын цементті клинкерлер, портландцемент, глинозем цементі, басқа гидравликалық цементтер үшінші елден әкелінуі мүмкін.
«Импортқа салынған тыйымды алып тастау батыс өңірлердегі нарықты молықтыруға ықпал етеді және республика аумағында цемент өнімдері бағасының төмендеу факторы болады. Естеріңізге сала кетейік, цемент саласының отандық тауар өндірушілерін қолдау үшін Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі үшінші елдерден цемент импортына тыйым салуды енгізу туралы 2021 жылғы 30 сәуірдегі № 216 бұйрық қабылдаған болатын. Алайда, қоғамда цемент бағасының өсуіне және оның ішкі нарықтағы жетіспеушілігіне қатысты мәселелер көтерілді», – делінген хабарламада.
Бұйрық жобасы аккредиттелген ұйымдармен келісілді және қоғамдық кеңестің оң қорытындысын алды.