CaspianLife, 23 шілде — Атырауда 21 жастағы азаматша бірнеше рет өзінен екі жас кіші азаматтан ақша бопсалаған. Алғашында оның 2 миллион теңгесін алып, кейін одан 1 540 000 теңге сомасында тағы да ақша талап еткен.
Амалы қалмаған 18 жастағы жігіт полицияға хабарласып, мән-жайды түсіндіріп, көмек сұрапты. Оның айтуынша, азаматша оны “зорлау” фактісі бойынша үстінен іс қозғатамын деп қорқытып келген. Алайда, жас жігіт жыныстық қатынас екі жақты келісіммен болды деп ақталды. Екеуі тіпті бір қызметте әріптес те болған. Ол өзін бопсалау жолымен ақша талап етіп жүрген қыз бала жақсы танысым, тіпті тұрғылықты мекені Шымкент қаласына апарып ата-анасымен таныстырғанын да айтты.
Атырау облысы полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы жедел іс-шара кезінде күдіктіні Шымкенттік азаматтан бопсалау жолымен тағы да 500 000 теңге көлемінде ақша алып жатқан кезінде ұстаған. Тексеру кезінде азаматшаның деструктивті діни ағым өкілі екендігі анықталыпты.
Қазіргі уақытта 2000 жылы туған қала тұрғынына қатысты ҚР ҚК 194-бабтың 1 бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Сондай-ақ, ақша бопсалаған азаматшаның бопсалау қылмысы бойынша басқа да фактілерге қатыстылығы тексерілуде.