CaspianLife, 21 шілде — Бүгін ҚР премьер-министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Асқар Мамин өңірге жұмыс сапары барысында облыс әкімі Серікбай Трумовтың өңірдегі мал шаруашылығы саласындағы қалыптасқан жағдай және құрғақшылықтан зардап шеккен аудандарды жем-шөппен қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндамасын тыңдады. Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, көршілес Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарынан шөп жеткізу және сату қолға алынған.
«1 200 тоннадан астам арпа әкелінді, олар фермерлерге нарықтық бағадан төмен бағамен сатылды. Үкімет Маңғыстау облысында аналық мал басы үшін азық шығынын ішінара өтеуге 1,9 млрд теңге бөлді», — делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сондай-ақ, премьер-министрдің тапсырмасы бойынша фермерлік шаруашылықтарға қол жетімді бағамен көлемі 114,7 мың тонна дайындалған шөп сатып алу және жеткізу үшін тұрақтандыру қорын қалыптастыруға, сондай-ақ «азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК АҚ арқылы саны 56,3 мың тонна жемшөп (кебек) сатып алуға қосымша қажетті қаражат бөлінбек.
Бұдан әрі хабарланғандай, премьер-министр А.Мамин Қазақстандағы алғашқы TETYSBLU тақырыптық паркінің ашылу рәсіміне қатысты. Нысан Ақтау қаласының туристік аймағында орналасқан, оған Орталық Азияда теңдесі жоқ BluPower, Watermania, Snorri, сондай-ақ отыздан астам бірегей аттракцион түрі кіреді. Үкімет басшысы Ақтау қаласының туристік аймағын дамыту жобаларының іске асырылуын тексерді. Атап айтқанда, гольф клубы, сауда қатарлары, виллалары мен апартаменттері бар «Hilton» және «Fairmont» қонақ үйлер және Aqualina Resort. Қыркүйек айында гольф клубының, сауда қатарларының, виллалар мен «Fairmont» қонақ үйінің құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Жұмыс сапары барысында А.Мамин аяқталуы ағымдағы жылдың қазан айында жоспарланған туристік аймақтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін ұзақтығы 49 км қосымша су тартқыштың және ұзындығы 33 км КТС-1-ден КТС-2-ге дейінгі қысымды кәріз коллекторының құрылыс барысымен танысты. Премьер-министр жоспарланған нысандардың, сондай-ақ көлік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысын уақытылы аяқтауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Премьер-министрге өңірдегі балық шаруашылығын дамыту, соның ішінде бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру зауыты құрылысының перспективалық жобалары, Каспий теңізінде балық аулауды ұйымдастыру туралы баяндалды. Сондай-ақ, А.Мамин «Інжу Маржан» шығанағында жылына 30 мың тоннаға дейін балық өсіру және өңдеу бойынша заманауи технологияларды, соның ішінде балық азығын өндіруді және отырғызу материалын өндіруге арналған инкубациялық цехты енгізе отырып, балық өсіру кешенін құру жобасымен танысты.
«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында (АЭА) Үкімет басшысына жұмсақ буып-түю ыдысы, полимерлік қаптама, сорғы штангалары мен муфталар, каустикалық сода және құрамында хлор бар өнімдер және т. б. өндіру жөніндегі инвестициялық жобалар таныстырылды.
«Құрық» паром кешені мен «Ақтау» теңіз портын аралау кезінде Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту мәселелері қаралды. Жүктерді ауыстырып тиеу қуаты жылына 6 млн тоннаны құрайды.
Сондай — ақ, Үкімет басшысы Ұзындығы 24 км «Ақтау-әуежай» бірінші санаттағы автомобиль жолының салыну барысын, сондай-ақ ұзындығы 4,5 км «Хонда» орталығынан Өмірзақ ауылының Т-тәрізді қиылысына дейінгі қалалық автомобиль жолын реконструкциялау барысын тексерді.
Сапар барысында А.Мамин «Транстелеком»АҚ деректерді өңдеу орталығының жұмысымен танысты. Жоба құны — 6,8 млрд теңге. Орталық Tier III деңгейінің қауіпсіздік және сенімділік стандарттарына сәйкес келеді. Мұндай орталықтар Қазақстанның тоғыз қаласында салынған: Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Орал, Қарағанды, Жезқазған, Қызылорда, Нұр-сұлтан және Алматы. Деректерді өңдеу орталықтары клиенттік серверлердің үздіксіз қызметін қамтамасыз етуге, елде цифрландыру үшін технологиялық негіз болуға тиіс.