CaspianLife, 3 шілде — 2 шілдеде Румынияның Констанца қаласының маңындағы Petromidia мұнай өңдеу зауытында дизель отынын қайта өңдеу қондырғысында өрт шықты, деп хабарлайды KMG International баспасөз қызметі. Бүгінде, Қара теңіз жағалауында орналасқан зауыттағы өрт жойылды.
KMG International Корпоративтік даму жөніндегі бас директоры Ескендір Әбдібайытовтың алдын ала мәліметтері бойынша, бес адам зардап шегіп, біреуі қаза тапқан. Зауытта технологиялық процестер тоқтатылды, барлық қызметкер эвакуацияланды.
«Қазіргі уақытта МӨЗ-дегі өрт жойылды. Оқиға орнында зауыттың өрт сөндіру қызметі мен жергілікті билік жұмыс істеуде. Жағдай бақылауда», — деді Ескендір Әбдібайытов.
Petromidia МӨЗ Қара теңіз жағалауында орналасқан және Румыниядағы KMG International компаниясының мұнай өңдеу зауыты болып табылады. Petromidia Румынияның мұнай өңдеу қуаттылығының 40% — дан астамын құрайды және аймақтағы отын тұтынудың 30% — дан астамын қамтиды. Бұл Қара теңіз жағасында орналасқан жалғыз румын мұнай өңдеу зауыты.
Petromidia МӨЗ қазіргі уақытта Қазақстанның KazMunaiGas International ұлттық мұнай-газ компаниясына тиесілі.