СaspianLife, 28 мамыр — Атырауда бройлер балапандарын өсіретін кооперативке 80 миллион теңгеден астам қаржы субсидия заңсыз берілген.
Заң бойынша қуаттылығы жылына 5000 тоннадан асатын құс фабрикаларын қаржыландыруға рұқсат етіледі. Ал, «Бұйырғын» кооперативінің қуаттылығы жылына небары 1000 тонна. Мұндай заңсыздықтар Құрманғазы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі мен маманының тәртіптік ісі қаралған әдеп кеңесінің отырысында айтылды.
«83 миллион теңге қайда жұмсалды?» деген сауалға құрманғазылық шенеуніктер «қажетті құрал-жабдықтар алынды» деп жауап берді. Бірақ, прокурорлар мұндай жауапқа қанағаттанбай, заңсыз жұмсалған қаражат қазынаға қайтарылу керек деді.
Тәртіптік кеңес соңында Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мұрзиевке қарамағындағы қос қызметкерге сөгіс жариялау туралы ұсыныс берілді.