СaspianLife, 26 мамыр — Қазақстанда жаңа жәрдемақы енгізілмек. Ол бірінші топтағы мүгедектердің күтушілеріне арналады.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов бүгінде 1 топтағы 66 мың мүгедектің көпшілігі жеке көмекшінің қызметімен қамтамасыз етілмегенін және оларға қосымша өтемақы төленбейтінін мәлімдеді.
«Оған комада немесе төсек тартып жатқан науқастар кіреді. Жаңа заң жобасы қабылданғаннан кейін мүгедек адамдарға күтушілік қызмет көрсететін 24 мыңдай тұлғаға қосымша жәрдемақы төленетін болады. Оны енгізу жұмыстары жүргізілуде», — деп хабарлады министрлік басшысы.
Сондай-ақ азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасының нормаларында балаларды мүгедектік топтары бойынша бөліп қарау көзделген.
«Заң жобасында 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу қарастырылған. Бұл жәрдемақылар мөлшерін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының ауырлық дәрежесіне қарай саралауға мүмкіндік береді. Мүгедек балалардың барлық тобы үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37% — ға дейін өсетін болады. Бұл шара 30 мыңнан астам мүгедек балаға қатысты», — деді Шапкенов.
Бір уақытта бірнеше өтемақыны кім алады?
Жаңа заң жобасында Мүгедектік және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша екі жәрдемақыны бір уақытта алуға құқық беру көзделген.
Құжатты әзірлеушілердің пікірінше, бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедек балалары бар отбасылардағы табыс деңгейін арттыруға үлкен мүмкіндік береді.
Қолданыстағы заңнама бойынша мүгедектігі бар балалар, ата-аналары ажырасқан жағдайда, бір мезгілде алиментпен қатар мүгедектігі бойынша жәрдемақыны да алуға құқылы. Егер, екі асыраушы ата-ананың біреуі қайтыс болса, бала асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы немесе мүгедектік бойынша жәрдемақы алады.
«Жәрдемақының екі түрін бір мезгілде тағайындау ата-анасынан айырылған балаларға қатысты кемсітушілікті жоюға мүмкіндік береді. Осы норманы аясында 2000-ға жуық бала техникалық заттармен және оңалту қызметімен қамтылатын болады», — деп нақтылады Еңбек министрі.
Тұрғын үй кезегі мерзімін ұзарту
Заң жобасының тағы бір ұтымды тұсы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың, бала кәмелеттік жасқа толғаннан кейін тұрғын үй кезегіне тұру құқығын ұзарту мүмкіндігі бар.
«Іс жүзінде мұндай отбасылар тұрғын үй кезегінде 10 жылға дейін тұрады. Егер бала 18 жасқа толғанға дейін тұрғын үй ала алмаса, онда мүгедек кезекке қайта тұруға мәжбүр болады. Ал аталған норма 20 мыңнан астам отбасына тұрғын үй кезегін сақтауға мүмкіндік береді деп күтілуде», — деп нақтылады Қазақстан Еңбек министрлігінің басшысы.
Бұдан бөлек, заң жобасы шеңберінде мүгедек балаға күтім жасау мерзімін 18 жасқа дейін ұзарту көзделіп отыр. Бұл жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақыны тағайындауға оң әсерін тигізеді.
Қазақстанда «мүгедек» ұғымы өзгереді
Заң жобасында «мүгедек» ұғымы «Мүгедектігі бар тұлға» ұғымына өзгерту және «абилитация» ұғымын (балалардың патологиялық жай-күйінің алдын алуға және емдеуге мүмкіндік беретін емдеу-педагогикалық іс-шаралар жүйесі) енгізу көзделіп отыр. Мәжіліс депутаттары азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады.
Ақпарат көзі: CaspianLife