Таяуда Еуропалық комиссия «цифрлы онжылдық» құжатын қабылдады. Онда 2030 жылға дейінгі цифрлы технология саласындағы өзекті мәселелер қамтылған. Бұл туралы Егемен Қазақстан хабарлайды.
Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Хосеп Боррел мен Еуропалық одақтың Бәсекелестік жөніндегі комиссары Маргрет Вестагер бірлесіп әзірлеген мақалада қарт құрлықтың цифрландыру саласындағы көзқарасының маңызы жайлы сөз қозғалады.
Авторлардың сөзіне сүйенсек, Еуропалық одақ әлемдегі цифрлы технология саласын дұрыс бағытқа бұруға қабілетті. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін қарт құрлықтың шенеуніктері тиісті шараларды іске асырып, халықаралық ынтымақтастық орнатуы қажет.
Принстон университетінің биоэтика профессоры Питер Сингер АҚШ-тағы мынадай қызық оқиғаға тоқталады. Тұрғындарға вакцина салуға жауапты Хасан Гокал артық қалған екпелерді басқа адамдарға егеді. Кейінірек осы әрекеті үшін жұмыстан шығарылып, жауапқа тартылған. Автор осы оқиғада дәрігерді қудалағандарды сынға алады.
Естеріңізге салайық, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасының мақалалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.
МЕЛЬБУРН. Былтырғы 29 желтоқсанда Техас штатындағы Харрис ауданының (оның құрамына халықтың саны бойынша АҚШ-тың төртінші қаласы Хьюстон кіреді) коронавирусқа қарсы тобының медициналық директоры Хасан Гокал Moderna вакцинасын егуді, әсіресе жедел жәрдем қызметкерлеріне салынуын қамтамасыз етіп жүрген еді. Вакцина 11 дозасы бар құтылар арқылы келеді. Құтыны ашқаннан кейін 6 сағаттан соң екпенің мерзімі өтеді және пайдаланылмаған вакцинаны жою керек.
Желтоқсанның сол күні пациенттердің бірі медицина орталығы жабылар кезде келгендіктен, мейірбикенің жаңа құтыны ашуына тура келді. Бірақ вакцинаның 10 дозасы қалған-ды. Гокал оны орталықта жүрген медицина қызметкерлеріне және екі полиция офицеріне ұсынды. Бірақ олардың кейбірі екпе қабылдап қойған, енді бірі бас тартты. Ереже бойынша, 65 жастан асқандар мен дімкәсі бар азаматтардың бәрі коронавирустан зардап шегу ықтималдылығы жоғары болғандықтан, вакцина алуларына болады. Содан кейін Гокал осы топқа сай келетін ата-анасы бар әріптесіне хабарласуға талпынған, бірақ олармен байланыса алмаған.
Кейін Гокал телефоны бар таныстарына хабарласып, вакцина салдыруға сай келетіндері бар-жоғын анықтауға талпынып, қалау білдірген адамды кешке үйіне келуге шақырды. Сол күні кешке үйге оралғанында екі адамның күтіп отырғанын көріп, оларға екпе екті. Бұдан соң вакцина алуға құқылы адамдардың үйлерін аралап, тағы бесеуіне вакцина салып шықты.
Сөйтіп жүріп телефон шалуын жалғастыра берді. Тағы үш адам екпе алуға келісімін берген. Бірақ біреуі көп ұзамай бас тартты. Гокалдың жұбайы өкпе саркоидозымен ауыратындықтан, оның вакцина алуға құқығы бар болатын. «Мен бұны сізге бергім келген жоқ. Бірақ мен оны жарты сағат ішінде пайдаланбасам, әжетханаға тастауым керек», дейді ол жұбайына. Соңғы дозаның мерзімі аяқталуына он бес минут қалғанда Гокал оған вакцина салды.
Ертеңіне Гокал басшылыққа оқиға туралы айтып беріп, он дозаның кімдерге салынғанын атап көрсетті. Бірнеше күн өткен соң басшылық оны шақырып алып, қалып кеткен дозалар қайтарылуы қажет екенін, тіпті мерзімі өтіп кетуі мүмкін болса да қоқысқа тасталуға тиістігін жеткізді. Бұл талапты орындамағандықтан, ол жұмыстан шығарылды.
Екі аптадан соң Харрис ауданының огругтік прокуроры Ким Огг оны ұрлық жасады және округ хаттамаларын бұзды деп айыптады. Гокалдың адвокаты бұзылды деп айыпталған хаттамалардың көшірмесін сұрады. Оған құжаттардың жоқ екені айтылды.
Судья айыптауларды жоққа шығарып, огругтік прокурор Гокалдың кінәсін дәлелдей алмағанын, коронавирусқа қарсы орталықтың медициналық кеңесшісінің вакциналау жөнінде шешім қабылдауға құқылы еместігін көрсете алмағанын атап өтті. Огг тағы да талпынатынын жеткізді.
Кейбір моральдық жүйелер ережелерге қол сұғылмайды деп қарайды. Мысалы, Рим-католик шіркеуі адамның жазықсыз өмірін қию әрқашан дұрыс емес деп санайды.
Кейде бала туу кезінде нәрестенің бас сүйегі қысылып қалып, оны шығарып алу мүмкін емес болғанда осындай сәт туады. Мұндай жағдайда ешқандай әрекет жасалмаса, ана да, бала да қайтыс болады. Босандырудың тәсілдері жетілмейінше, осындай сәттегі шығар шешім – екі өлімге жол бермеу, яғни нәрестенің бас сүйегін сындыру. Сәби қайтыс болады, бірақ анасы тірі қалады. Католик діні елдерінде мұндай тәсілге тыйым салынған. Өйткені бұл нәрестені тікелей өлтіру болып саналады. Соның салдарынан тірі қалуы мүмкін әйел де қаза табады.