Ақтау қаласындағы ірі гипермаркеттер желісінің қызметкерлері жұмыс орнының тамағынан уланып қалғанын айтып, әлеуметтік желіде видеожазба жариялады. Бұл туралы Mangystau Media хабарлайды.
Біз «Дина» гипермаркетінің қызметкерлеріміз. Гипермаркетте барлық жұмысшыға түскі және кешкі ас беріледі. 1 ақпан күні жұмыста түскі ас іштік. Сол тамақтан уланып қалдық. Гипермаркеттің менен басқа тағы 3 жұмысшысын ауыр жағдайда инфекциялық ауруханаға жеткізді.
Мамандар бізге «сальмонелла» диагнозын қойды. Әлі үш ай осы диагнозбен тіркеуде тұратынымызды айтты. Ал гипермаркет басшылығынан біздің халімізді ешкім сұрамады. «Дина» гипермаркетіне шара қолданылуын сұраймыз, — дейді шағымданушылардың бірі.
Біз «Дина» супермаркеттер желісінің иесі Асхат Қабиевке хабарласқан едік, алайда ол кейін жауап беретінін айтты. Ал Маңғыстау облысының санитарлық эпидемиологиялық стансасының мамандары ірі сауда орнына тексеріс жүргізгендерін мәлімдеді. Сынамалар алынды, эпидемиологиялық тексеру жүргізілді, нәтижесі жақын арада шығуы керек, — деді Маңғыстау облысының санитарлық эпидемиологиялық стансасының персоналды басқару қызметінің басшысы Аяужан Танбаева.