Атыраулық полицейлер есірткімен ұсталды. Әлеуметтік желіде тараған бұл видеода айыптылардың аты-жөні мен лауазымы анық айтылған. Атырау – Доссор тасжолында тыйым салынған заттарды заңсыз тасымалдаған полиция департаментінің екі қызметкері жедел іздестіру іс-шаралары барысында құрықталған. Бейнежазбадан көліктің жүксалғышындағы дөңгелекке мұқият жасырылған күмәнді заттарды байқауға болады. Видеоға қатысты түсінік берген полиция департаменті аталған деректі растады. Ұсталған екі полицейдің бірі еңбек демалысында, ал екіншісі қызметте жүргенін айтты.
— Аталған дерекке байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы, 3-бөлімі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Басқа ақпарат жария етілмейді, — деді Атырау облысы ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Ерген ТӨЛЕМІСОВ.