Атырау облысында 150 қойымен бірге жоғалып кеткен егде жастағы адам табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Коронавируспен күресте Қазақстан Қытай вакцинасын да сатып алуы мүмкін. Қазір келіссөз жүргізіліп жатыр. Ал наурыз айының соңында қолданысқа шығуы тиіс отандық екпеге әлемнің ешбір елінен тапсырыс түспеген. Дегенмен мамандар шетелден бұрын, өз тұрғындарымызды вакцинамен қамтыған маңыздырақ деп отыр. Бұл туралы КТК арнасы айтты.
Жаннат Сатыбалдиева, ҚР ДСМ Халықты иммундау жөніндегі ұлттық консультативтік комиссиясының мүшесі:
– Қазақстан вакцинасына әзірге тапсырыс түспеген. Тіпті өз еліміздегі тұрғындардың басым көпшілігін егу мәселесі тұрғанда, шетелге сату жағы қисынсыз. Оның үстіне шетелдіктерден тапсырыс түсе қалса, өндіріс қуатын арттыру мәселесі туады.
Әлемде Сovid-19-ға қарсы 200-ден астам вакцина түрі белгілі болса, соның тек алтауы ғана қазір қолданыста. Қазақстанды айтпағанда, әлем елдерінде де екпеге қарсы ақпарат шабуылы жүріп жатыр. Министрліктің пайымынша, мұндай әрекеттер арнайы ұйымдардан әдейі қаржыландырылады. «Ал негізі вакциналаудың еш зияны жоқ» деп, сендіруге тырысты мамандар. Екпені тіпті созылмалы ауруы бар, ВИЧ вирусын жұқтырғандар да салдыра алады екен. Басқа елдердің тәжірибесінде мұндай жайт тіркеліпті.
Ләззат Ералиева, ҚР ДСМ Ұлттық Фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары:
– Вирустың симптомсыз түрімен науқастанған адамға да екпе жасауға болады. Вакцинаның жанама әрі өтпелі әсерлерін айтпағанда, денсаулығына еш әсері болмайды. Тек иммунитеті күшейе түседі.Әрі Сovid-19-ға қарсы бірде-бір екпе белсіздік, не бедеулікке душар етпейді. Ол дәлелденген.