Атырау, Caspian Life. Пайдаланылуға дайын полиция бекеттері сенімгерлік басқаруға берілмек. Қос бекеттің уақытша иесі қалалық ТКШ бөлімінің 12 ақпан күні өткізетін электронды тендердің нәтижесінде белгілі болады.
«Атырау-Доссор» және «Атырау-Индер» трассасындағы стационарлық полиция бекеттерінің жалпы аумағы 200 шаршы метрден асады. Онда шағын күрке, шолу алаңы, су құбыры мен қоса бейнебақылау жүйесі орнатылған. Тіпті, жарық сөне қалған жағдайда дизельді генераторды пайдаланатын мүмкіндік бар.
Гүлхан ҒАЛЫМЖАНОВА,қалалық қаржы бөлімі басшысының орынбасары
Бұл жерде халық айтқандай ешқандай сатылым, аукционға шығару, жекешелендіру сияқы мәселелер қалалық әкімдікте болған емес, болмайды да. Тек сенімгерлік басқаруға беру. Тендерге қатысу үшін тендерге қатысушы өзін растаушы ретінде кепілдік жарна төленеді. Атырау-Доссор нысаны бойынша 9 017 047 теңге көлемінде, ал Бесікті ауылындағы нысан бойынша 1204 939 теңге көлемінде кепілдік жарна қойылды. Бұл кепілдік жарна тендер өткеннен кейін ұтқан жағдайда да, ұтпаған жағдайда да қатысушыға кері қайтарылады.
Кейін қай кәсіпкер мемлекетке табысының көп бөлігін беруге келіссе, оған 10 жыл бойы сенімгерлікке беріледі.Дегенмен, осыған дейін қос нысанға қызығушылық танытқан жан болмаған. Бірақ алдағы тендерге қатысуға ниетті жандар әкімшілікке қоңырау шалып жатқан көрінеді. Электронды тендерге қатысуға ниеттілер 12 ақпанға дейін өтініш білдіру керек. Сенімгерлік басқаруға берілетін қос бекет иелеріне әкімдіктің қояр талабы қатаң. Соның бірі – індет өршіп, қаларалық блокбекеттер қойылған сәтте нысанды 24 сағат ішінде әкімдікке уақытша қайтаруға міндетті.
Дегенмен, қалған уақытта ғимарат басшысы бекетте қалаған кәсібін дөңгелете алады. Ол үшін ең алдымен жоспарланған қызмет түрінің жобасын ұсыну керек. Айта кетейік, 2018 жылы Атырау қаласынан 4 бағыттағы жолдардың бойында жалпы сомасы 300 миллионнан астам қаржыға полиция бекеттері салынғанды. Бірақ, 2019 жылы учаскелерге бейнебақылау орнатылғандықтан бекеттер пайдаға аспай тұралап тұр.
НТ.