Бұл ҚР мәдениет қайраткері Құтмағамбет Қонысбай есімді азаматтың мақаласы екен. Мақала Қамшы порталында жарияланыпты. Кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған сұхбатын негізге ала отырып жазғанын баяндап кетіп, оның ел ішіндегі беделіне тоқталып өткен екен. Назарбаев пен Тоқаевтың сенімді серігі екенін де жазып кетуді ұмытпапты. Кейін саясатқа қайта оралу керектігін жазыпты. Келесі мақаланың екінші жартысының үзіндісінен келтірейік.
«…Ең бастысы, еліміздің саяси билігінде, қалың халық пен зиялы қауым, жалынды жастар арасында Сізді құрметтейтін, мемлекеттік қызметке араласқаныңызды қалайтын азаматтар көпшілік екеніне күмән жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, Сізден ел әлі күнге қызметке араласады деп үміт етіп отыр.
Егер зейнеттемін, «аш құлақтан тыныш құлақ» деп отыра беретін болсаңыз, заң барлық азаматқа ортақ. Қызметіңізден кемшілік іздейтін болса, ондай адамдар бізде жетіп артылады. Себебі, адамның бәрі пенде. Негізі ұлтқа, елге қызметі қажет тұлғаны қай жасында да мемлекеттік қызметтің арбасына жегуге болады.
Ана Американы қараңыз, жаңа сайланған президенті ұлықтау салтанаты тұсында 78 жасқа толады екен, ал қазіргі президенті 74 жаста!
Ең маңызды нәрсе, ұзақ жыл ұлтқа, мемлекетке еңбегі сіңген, бай тәжірибесі, Ахмет атамыз айтқандай мінезі бар, оның үстіне халықтың қалауысына айналған Сіздей азамат тапжылмай отыра беретін болса, ендігі жастардың бойындағы ата-бабадан келе жатқан күрескерлік рух әбден өледі. Өйткені олардың ешқайсысында Сіздегідей тәжірибе, абырой-бедел, танымалдық жоқ. Сондықтан «Тасмағамбетов түк істемегенде біздің қолымыздан не келеді?» деген үмітсіздікке беріледі.
Ал Сіз:
Ереулі атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай…
Ерлердің ісі бітер ме?! – деп жырлап, ерлердің ісі не екенін отты өлеңімен ұрпаққа ұғындырып кеткен дауылпаз ақын, қайтпас батыр Махамбет Өтемісұлы жырлаған ер азамат емессіз бе?!.» деп аяқтайды