Ақпанның басында зейнетақы жинағының бір бөлігін жасанды ұрықтандыру үшін пайдалану қағидалары жарияланады деп жоспарланып отыр
Қазақстандықтар зейнетақы жинағының артығын экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) қызметіне жұмсай алады. Бұл туралы «Отбасы банктің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді.
«Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс тобы отырысында айтылған мамандар пікіріне сүйене отырып, қуанышты жаңалықпен бөліскім келеді. Зейнетақы жинағын пайдалану ережесіне сегізінші мақсат қосылды. Ол «көмекші репродуктивті әдістер мен технологиялар» деп аталады. Оның ішінде ЭКҰ процедурасы да бар», – деді әлеуметтік желіде қазақстандықтардың сауалына жауап берген Ибрагимова.
ЭКҰ жүргізу үшін зейнетақы жинағын пайдалану қағидалары келесі аптада жарияланады.
«Репродукцияға байланысты мәселесі бар отбасылар зейнетақы жинағын ЭКҰ жасауға пайдалана алады», – деп хабарлады Ибрагимова.
Айта кетейік, 23 қаңтардан бастап «Отбасы банк» (бұрынғы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі) зейнетақы жинағын пайдалануға өтінім қабылдау үшін Enpf-otbasy.kz онлайн-платформасын іске қосты. Қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсай алады.
Келешекте қаражатты емделуге және инвестициялау үшін алуға мүмкіндік беру жоспарланған.