Атырау, Caspian Life. Құрыққа қос-қосымен ілінетін сала. Атырау облыстық полиция департаменті туралы осылай демеске амал қалмады. Себебі, онда тағы да ұйымдасқан жемқорлық фактісі анықталды.
Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бастығы мен оның орынбасары лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланған. Былтыр қыркүйекте қарамағындағы қызметкерлерінің сыйақысынан 2,5 млн теңге көлемінде қаражатты қалтасына басқаны туралы ақпарат желіде желдей есуде.
Қазір олар уақытша ұстау изоляторына тоғытылған. Ақпаратты растау үшін облыстық полиция департаментімен байланысқанымызда бұл іс тікелей ІІМ-не қарайтынын айтты. Ал өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне хабарласқанымызда ресми мәлімдемеге рұқсаттың жоқтығын айтты.
Еске салайық, былтыр осындай іс-әрекетпен облыстық полиция департаментінің патрульдік-полиция ротасының командирі мен оның орынбасары ұсталған еді. Қос тәртіп сақшысына қатысты үкім шықты. Басшысы қоластындағы инспекторларды қызмет бабында жазаламау үшін 715мың теңге көлемінде қаражатты қалтасына басқан. Сондай-ақ ол қызметкерлерінің үстемақысынан 180мың теңге алған.
Қаражатты орынбасарының банк шотына аударып отырған. Ал жеке банкир қызметін атқарған ол өз кезегінде бастығының құйтырқы әрекеттерін біле тұра арнайы органдарға хабарламағаны үшін кінәлі. Сондықтан №2 қалалық Сотының шешімімен экс полицей Мырзахметовке бір жылға бас бостандығын шектеуге, Өтегеновке 833 мың теңге көлемінде айыппұл салуға үкім шығарылды.
Боранбай ҒАЛИЕВ, Атырау облыстың сотының баспасөз хатшысы
Сотта анықталғандай патрульдік-полиция ротасының командирі болып тағайындалған күннен бастап қарамағындағылардан пара алып келген Мырзахметовке 1 жылға бас бостандығынан шектеу, Өтегеновке айыппұл жазасын тағайындады. Екеуі де полиция шенінен айырылып, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс жасау құқығынан айырылды.