Оралда вагоннан құлаған жұмысшы мерт болды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәлім еткеніндей, оқиға бүгін «Талап» АҚ құрылыс-өндірістік базасында болды. Осында жұмысшы болып істеген 1969 жылғы ер адам биіктігі 4,5 метр вагоннан құлап кетіп, басынан жарақат алды.
Жедел жәрдем сағат 10.40-та шақырылды. Марқұм жедел жәрдем келгенген дейін көз жұмды. Бұл – соңғы екі күнде өндіріс орнында болған екінші жағдай. Кеше кешкісін Теректі ауданы Подстепный ауылында «Мыңжасаров» ЖК-ның сабын цехында 1975 жылғы жұмысшы мас күйінде станокқа түсіп қалған.
Оң жақ қолы білезігінен қиылып кеткен, сол жақ иығы, омыртқа-қабырғалары сынған. Қазіргі кезде ер адам қалалық көпбейінді аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ток соққан электриктің қаза болғанын жазған едік.