Белорусь республикасында «Көршілер шеруі» деген жаңа атаумен үкіметке қарсы наразылық акциясы өтті. Адамдар шеруге көршілерін бірге ертіп шыққан.
Бұл – Минск, Гродно, Гомель, Брест және басқа да қалаларда болып жатқан 17-ші наразылық жексенбісі. Суық ауа райына қарамастан көшеге шыққандар саны мыңнан асқан. Жексенбі күні кешке Белорусьтің «Весна» құқық қорғау тобы 170 адам ұсталғанын хабарлаған. Жергілікті Телеграм арналарында полицияның наразылық білдірушілерге қарсы көзден жас ағызатын газ бен резеңке таяқ қолданғанын анық көрсететін бейнежазбалар жарияланды.
Белорусь Республикасындағы наразылық 9 тамызда өткен президенттік сайлаудан бері басылмай келеді.