Мақат ауданы аумағындағы бұл ор он жыл бұрын қазылған. Ұзындығы 300 шақырымға созылған жерді қазған мекеме керегін алғаннан кейін қайта көмбей, сол күйі қалдырған. Ал Доссор халқы бұл салғырттықтың салдарынан қаншама малымыз құрбан болды деп бірнеше жылдан бері шырылдап келеді. Ел аман, жұрт тынышта талай рет төрт түлігінен айырылған тұрғындар ауданға арнайы іс-сапармен келген облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметовке базынасын айтты.
Ғазиз ҒАБДУЛЛИН, Доссор кентінің тұрғыны
Президентіміздің, Елбасымыздың тапсырмалары бойынша ауылшаруашылығын дамытамыз, қалай дамытамыз? Өзі қуыршақтай жер Мақат ауданында. Оның жартысы 300 шақырымдай жер осындай жағдайға душар болып жатыр.
Бұл орайда жергілікті билік экологиялық талаптарды бұзған мекемеден мардымды жауап ала алмай отыр. Айтуынша, бүлдіргенін ретке келтіруге олар асық емес. Сондықтан әкімдік демеушілердің көмегімен бұл істі өз қолдарына алған. Қазір 6 шақырым жер көмілгенімен, тұтастай 300 шақырымды тегістеуге шама келмейтінін ескертті.
Шәкір КЕЙКИН, Мақат ауданы әкімі
Алғаннан кейін он жыл бұрын көмдіріп кету керек еді. Сатқан мекемеде соны талап ету керек еді. «КазТрансОйл» мекесесіне де осыны бірнеше рет мәселе қылып жиналыстарда айтылған кезде, олардың өкілдері келіп, оны мойындағысы келмейді. Енді он жылдың ар жақ, бер жағында кім бар, кім жоқ. Ол кездегі басшы да ауысты, ол кездегі әкім де ауысты. Бірақ енді біз бар мүмкіндігімізше демеуші мекемелермен, қолымыздағы барымызбен жасай береміз деген шешімге келіп отырмыз.
Ал бұл – кенттің батыс бетіндегі 7 шақырым жерде орналасқан кәріз суы төгілетін орын. Ойыққа кенттегі 16 көпқабатты үйден шығатын лас су жиналады. Жалпы, өңірдегі 3 050 үйді бір жүйеге орталықтандыру үшін 2018 жылы қолға алынған құрылыстың әлі бітпеуіне байланысты белсенділер бұл араға қалдық суды өңдеп, қайта пайдалануға мүмкіндік беретін ғимарат салу қажет екенін айтады. Олар лас суды арнайы жасыл желекке немесе құрылыс үшін сүзгіден өткізу үнемнің төте жолы деген пікірде.
Түсірілім барысында біз бақылаусыз жүрген малдың кәріз суын ішіп жүргеніне куә болдық. Қоршаусыз тұрған лас орын жануарлардың суатына айналған. Ал оны қоршау – көптен айтылып келе жатқан әңгіме.
Шәкір КЕЙКИН, Мақат ауданы әкімі
Бұл жерді есептеп кеттік, жоба жасақталып жатыр. Темірден салынған ұрланып кетіп тұрғой, 15-ші жылы ұрланып кеткен түгел металл жинайтын азаматтармен. Ол ақыры табылған жоқ. Біздер бетон қоршаумен қоршайын деп отырмыз. Келесі жылы осы жерде бетон қоршау тұрады деп мен сіздерге айтқым келіп отыр. Себебі жоба аяқталғаннан кейін қаражат сұраймыз.
Доссор және Мақат кенттеріне қарасты бұрынғы тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын полигон ауылдарға жақын орналасқандықтан, жағымсыз иіс пен түтін тұрғындардың қолқасын қабатын. Осыны ескерген жергілікті билік енді екеуін де тегістеп, екі кентке ортақ полигон салуды қолға алды. Қазір Доссор мен Мақат арасында қоқысқа арналған жаңа орынның құрылысы қызу жүргізіліп жатыр. Дегенмен доссорлықтар дайын алаңды қоршамай, жаңа полигон салып жатқаны үшін әкімдікке өкпелі.
Ғазиз ҒАБДУЛЛИН, Доссор кентінің тұрғыны
Біздер мүйіз сұрасақ құлақ беріп тұрғой. Манағы полигондарды қорша десек, бұл кісілер келді де жаңа полигон саламыз деп жауып жапатармағай, жаңа полигонды осы жерге әкелді. Бірінші полигонның астын обследование жасайдығой, зерделейді астында не бар.
Департамент басшысы Әлібек Бекмұхаметов аталған мәселеге қатысты тексеру жұмыстары жүргізіліп, жаңа полигон салуға рұқсат алынбағанын айтты. Нәтижесінде, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысына уәкілеттік қызметін толық атқармағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328 және 332 баптарымен әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынған.
Әлібек БЕКМҰХАМЕТОВ, облыстық Экология департаментінің басшысы
Қазіргі таңда біз заңсыз салынған, заңсыз болғанда экологиялық сараптама қортындысы жоқ және де экологиялық эмиссияларға рұқсатнама алынбаған. Сол бағытпен біз қазіргі экономикалық сотқа арызды бердік. Предварительное слушание болды, енді қазіргі процестер болады. Экологиялық рұқстанаманы алғанға дейін жасалып жатқан жұмыстар тоқтатылуы мүмкін.
Аудан басшысы наразы жұрттан полигонды басқа қай жерге ауыстыруға болатынын сұрады. Дәл осы жерде белсенділер де мардымды жауап бере алмады. Облыстық экология департаментінің басшылығы аталған мәселелер шешімін тапқанша назарда ұстайтынын айтты.