Ақтаулық авто газ сатушылар түйіткілді проблемамен облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгінді. Олар Энергетика министрлігімен онлайн тілдесіп, өзекті үш мәселені алға тартты.
Нақтырақ айтқанда, бөлінетін газ көлемін ұлғайту, бағаны тұрақтандыру және көгілдір отынды электронды сауда алаңында сату механизмін өзгерту жайын қозғады. Өйткені, кей кәсіпкердің сұйытылған газды шамадан тыс көлемде алу себебінен басқаларына жетпей қалатын жағдайлар жиі кездесетін көрінеді.
Тағанияз БОҚАНОВ, кәсіпкер
Өткізу ерекшелігін өзгерту. Шектік мөлшерін белгілеу. Әрқайсысы 70-80 тн алу. Сосын жариялылықты енгізу. Кім, қанша алды? Маңғыстауға ма, басқа жаққа кетті ме? Соны айттық. Газ зауыты ай сайын 14 мың 600 тн өнім шығарады, соны 20 мың тн жеткізу керек. Оны да қарастырамыз деді.
Кәсіпкерлер тарапынан газ өңдеу зауытына Қарақұдық, Доңға кен орындарының ілеспе газдарын да пайдалану ұсынылды. Сондай-ақ, онлайн басқосуда төтенше жағдай кезінде литрі 50 тг деп белгіленген бағаны өсіру жағдайы да сөз болды.
Еділ ЖАҢБЫРШИН, Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы
Нормативтік құжаттарға өзгеріс енгізу керек. Кейбірінің күшін жою керек. Осыған байланысты осы жерге келген тараптар өз ұсыныстарын бізге береді, Атамекенге. Біз соған байланысты хат дайындаймыз. Жобалық кеңсеге, Үкіметке жібереміз. Шешу жолдарын көрсетіп жібереміз.
Олай етпесе, облыстағы 300-ден аса газ құю бекетінің басым бөлігі жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Өңірде көліктердің 70% ға жуығы көгілдір отынмен жүретінін ескерсек, ортадағы делдал компанияларды алып тастау арқылы газ тапшылығын жоюға болатыны белгілі. Кенді өлкеде көтерілген мәселе енді Үкіметте қаралмақ.