Санитария талаптары енді пойызда да қатаң сақталады. 4 айлық шектеуден кейін жұмысы жанданған теміржол қозғалысы – қазір әр жолаушының жіті бақылауында. Себебі, бұған дейінгі вагондарда болған жайсыздық бәрінің жадында болғанмен, карантиннен кейінгі өзгерістерге көңілдері марқайған.
Бұрын вагон терезесінің ластығынан тұмса табиғатқа тамсану мүмкін болмайтын. Қазір бәрі керісінше. Бұл карантиннің де пайдалы жағы барын білдіргені ме, әлде тілшілердің алдынан тосқан жасанды көрініс пе – о жағы белгісіз. Анығына алдағы уақытта жолаушылардың өздері куә болар.
Атырау-Маңғыстау бағытындағы жүрдек пойыздарда карантиннен кейінгі вагондардың тазалығы едәуір қалыпқа келген. Мұндағы жолсеріктердің айтуынша, вагон ішіндегі шаң күніне 2 рет тазаланып, дәретхана 4 рет жуылады.
Талап бойынша пойыз жолға шықпас бұрын толықтай дезинфекциядан өтеді. Яғни, вагон ішіндегі көзге көрініп, қолға ілінетін дүниенің бәрі жиі сүртіліп тұрады-мыс. Ал рейске шыққан барлық қызметкер бетперде, қолғап және антисептикпен қамтамасыз етіледі, – дейді жауаптылар.
Мәди МҰХАМЕДҚАЛИ, «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі
Вагонға отырғызыларда және жол бойында жолаушылар бетперде тағып жүруі тиіс. Қолданылған қорғаныш құралдарын жинауға арналған арнайы орын қарастырылған. Ал жол бойында жолаушыдан немесе қызметкерлерден коронавирустың белгілері пайда болған жағдайда жолсерік ол адамды жеке купеде оқшаулайды.
Өкілдің айтуынша, әрі қарай жолсерік жағдайды машиниске хабарлап, жақын маңдағы бекеттен медициналық көмек көрсетіледі.
Жалпы, биыл республика бойынша 68 су жаңа вагон сатып алынған. Оның 30-ы Атырау қаласынан Маңғыстау, Нұр-Сұлтан бағыттарына қатынайды. Ал жоспар бойынша 2029 жылға дейін тағы 495 вагон жеткізілмек.