Маңғыстау облысының Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау аудандарында ауыз су тапшылығы туындауы мүмкін. Өйткені, Жылыой ауданының аумағындағы Астрахань–Маңғыстау су құбыры жарылды.
Бұл магистральды су ағызғысы кейбір елдімекендерге қиындық келтіруде. Маңғыстау облыстық «Қоғамдық коммуникация орталығы» жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін ғана ауыз су беріледі дейді.
Асқар ҚҰЛТУМИЕВ, «Магистральді су ағызғысы» ЖШС директорының орынбасары (Маңғыстау облысы):
– 10 қыркүйек, 14:20 шамасында Астрахань – Маңғышлақ су ағызғысы бойының 467 шақырымында су кеткен. Қазіргі уақытта жылыой өңірінде апатты ауыздықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қосымша көмекші ретінде «КазТрансОйл» акционерлік қоғамының мамандары жұмыс жасап жатыр.
Қазір 30-дан аса маман мен 20 шақты техника жұмылдырылған. Бұл апаттың Құлсары мен Теңіз кен орындарына зияны тимейді. Атырау облысы толық сумен қамтамасыз етіле бермек.